ИРАН САЯХАТЫ
1985 жылдың 7 қазанында Ыстамбұлдан Тегеранда жол тарттым. Тегеран вокзалына билет алып, Иран уақыты бойынша түскі 3 жарымда автобуспен Горганды бетке алдым. Кешкі сағат 5 те қажы Ақмұраттың үйіне бардым. Үй жақсы салынған, 2 қабаттан тұрады. Кең де, жарық еңселі үйде жиһаздар бүрісіп тұр. Қонақжай қандастарым қалбалақтап қарсы алды.
Кең дастарқанда арнайы дайындалған
қонақасыдан ауыз тигеннен кейін, бұрыннан таныс Ислам Жеменей деген азамат өз үйінің бір бөлмесіне әкеп орналастырды.
Ертеңінде Горгандағы қазақ ауылдарын қыдырып, тұрмыс-күйлеріне қанықтым. Ауғанстаннан қоныс аударған бірталай ел осында екен. Түсте бірнеше қажымен бірге Айып Көрпенің үйіне түстендім. Иса Муддин молданың інісімен жолығып, ағасының үйінде аят оқыдым. Сол күні кеште Нұраштың үйінде мәуліт оқылды. Қазақ-түрікпеннің біраз молдалары жиналды. Мәулітті Түрікпен молда оқыды. Мен Құран оқып, салауатты айттым.
Өзім қайта бастырған Қазан баспасының Құран кәримінен 100 дей дана алып келген едім. Мешітке бердім, елге де тараттым.
ҚЫЗЫҚ ЕҢГІМЕ
Бүгін кеште қазақ-түрікпен молдалары арасында қызықты еңгіме өрбіді. Мені білетіндер үй толы адамдарға:
- Бұл Халифа Алтай, Түркияда тұрады. Діни кітаптар жазып бастырып, таратады. Қытайдағы қазақтарға да жібереді, - деп, таныстырғаннан кейін, шуылдап тұс-тұсынан сұрақ қоя бастады.
- Қытайда қанша мұсылман бар?
- Шыңжандағы 15 миллионға жуық мұсылман тұрады, - деп жауап бердім.
- 7 миллион ұйғыр, 2 миллиондай қазақ бар. Қалғандары қырғыз, өзбек, ноғай, дүңген ұлттарынан құралған, - дедім.
- Ұйғыр деген қазақтың қай руы, қай жүзінен тарайды, - демесі бар ма отырғандардың.
- Ұйғырлар қазақ сияқты өз алдына бір түркі тектес халық, - дедім, шаманның келгенінше түсіндіруге тырысып.
- Мұсылман ба, қазақша біле ме?
- Әрине мұсылман. Қазақ тілі мен ұйғыр тілі ұқсас. Аздаған ғана айырмашылықтары бар.
- Ал, дүнгендер кім? О да қазаққа ұқсай ма?
- Олар, қытай-тектес халық. Алайда діндері мұсылман. Ал тілдері қытай тіліне ұқсайды, - деп, барымды салсам да, бұл әрекетімнен оңды нәтиже шықпады. Үй толы қажылар, өзара күңкілдесіп, менің айтқандарымды түсінбегендіктерін аңғартты.
- Ал, Құран кәрімді Ресейдегі қазақтарға жібермейсің бе? - деп сұрады.
- Жібере алмай жүрмін. Өзім онда барғанымда (1984) шеқарадан діни кітаптарды өткізпейді екен. Алып қалып, қайтқанда өзіме қайтарып берді.
- Басқа жолмен жіберуге болмай ма?
- Финляндия деген мемлекет арқылы жіберіліп тұрады.
- Ол, қазақтың қай жері?
- Финляндия деген өз алдына дербес мемлекет. Фин деген халық мекендейді.
Бас қаласы Хельсинки.
Бұл әңгімеден аңғарылып тұрғандай, үй толы адамдардың дүниеуи білімдері де, діни білімдері де шамалы екен.
ТАҒАН КӨРПЕНІҢ ЕҢГІМЕСІ
1968 жылы Иранға келгенімде Таған оқып жүрген болатын. Оқуын ойдағыдай бітіріп, Шаргел деген қалада
қызмет атқарады екен. Қазақша сауаты жоқ. Алайда қазақ десе ішер асын жерге қояды. Осы елдің тарихи шежіресін, Отанынан ауған тарихын жазып жүрген көрінеді.
Сол Тағанның өз аузынан айтқан еңгімесін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынғым келеді:
- Отанымыздың басына қиын-қыстау күн туғанда елді бастап Иранға қашып келген біздің аталарымыз еді. Мен 1947 жылы Бендерше қаласында дүниеге келіппін. Шешеміз <еті - сенікі, сүйегі - менікі> деп, молдаға тапсырғаннан кейін, Әбу, Ақбота, Қарышбай, Самархан деген молдалардан тәлім алдым. Иманды болсын, бұл адамдардың бәрі қайтыс болды. Осы елдің 55 жастан төменгілердің бәрі осы адамдардан үйренген. Мен де солардың бірімін.
Бізді бұрын Иран мемлекеті мектепке алмайтын. Өйткені, бізде Иран азаматтығы жоқ еді.
Біздің ұлттың келешегіне шынымен басы ауырып, балтыры сыздайтын бір мықты азаматымыз бар болатын. Сол кісі біз Иранға орналасқаннан кейін 16 жыл өткен соң Мазандаран аймағының орталығына барып, талап етіп, Ирандағы қазақ балаларының оқуына мүмкіндік алып келді. Сөйтіп 1955 жылдан бастап мектептерде оқи бастадық. Алғашқылардың бірі болып мен де оқуға аттандым. Менімен бірге Мұхаммед, Керім, Ізжан, Сәрсенбі, Алпысбай, Демесін, Қуаныш, Мәжит деген балалар оқыды. Бәрі де оқуларын бітіріп, әр салада қызмет атқарады. Содан бәрі Иран қазақтары балаларын мектепте, әртүрлі оқу орындарында оқыта алады.
Сол кезде біздің туған-туысқандарымыз Иранның бір қаласынан екінші қаласына қатынай алмайтын. Ол үшін рұқсат алуға мәжбүр болатын. Жолда сақшылар тоқтатып:
- Машинада біліш ( қазақтарға біліш дейді.) бар ма?- деп сұрайды. Құжаттарын тексеріп, әуре-сарсаңға салып қоятын. Ал жергілікті халықтың өйтіп мазасын алған емес. Мені 16 жасқа жеткен соң, осы мәселе қатты алаңдатты. Біз неге өзге жұрттар сияқты емін-еркін жүріп тұра алмаймыз? Мен өзімізді мазалаған осы сұрақтарды үлкендерге қойып едім,
олардан: <Қарағым, сен ештеңе білмейсің ғой. Біз Ресейден қашып келдік. Сондықтан да Иран азаматы емеспіз. Бізге деген көзқарастарының өзгешелігі де содан> деген жауап алдым
Мен:
- Сіздер неге талап етіп, үкіметтен азаматтық алмайсыңдар? деп едім:
- Қарағым, ол үшін парсыша білу керек.
Ондай адам бізде жоқ қой, - десті.
- Аллаға шүкір, біздің сауатымыз бар. Азаматтыққа байланысты тиісті орындарға арз жазсам қалай болар, - деп едім:
- Жазсаң өте жақсы болар еді. Ол үшін біз саған рақмет айтатын боламыз. -
Менің сауатым жеткілікті болғанмен, арыз жазу жолын жақсы білмейтінмін. Бірақ <іздеген жетер мұратқа> дегендей, жергілікті түрікпенді тауып алып, арыз жазатын нұсқа (бланкі) алдым. Әрі өз ойымнан сыртқы істер министрлігіне арыз жазып, почта арқылы салып жібердім. Соның нәтижесінде біз отырған қалаға бір әйел келіп, ақсақалдарды мешітке жинап, жиналыс өткізді. Ол:
- Сіздер, Иран азаматтығын қабыл етесіздер ме?- деп сұрады. Мен тілмаштық қызмет атқарып отырған едім. Ақсақалдардың қабыл ететінін айттым. Сол әйел келіп кеткеннен кейін көп ұзамай-ақ анкета жазатын нұсқалар
(бланкілер) жіберілді. Соларды толтырып, қайтадан салып жіберген едік. 1958 жылы біздерді Иран азаматтығына қабылдау туралы жарлық шықты.
Біз Иранға келгенде 320 дай отбасы едік. Енді өсіп-өңіп, 400 ге жеткен болармыз.
Біздің Қазақстаннан Иранға 1931-1932 жылдары нәубет кезінде Түркімен(Түркіменстан) аркылы келген. Бастапқы 10-15 жыл тұрмыстың қиындығын басынан өткізіп, ауыр соққыға ұшыраған. Басында үй, бауырында қазан болмай, азып-тозған.
Ауру-сырқаудан қырылған. Кейіннен тірлігіміз оңала бастады.
Ирандағы елдің 30 пайызы Адай. Келімбердінің 6 баласы бар. Олар: Жеменей, Құнанорыс, Балықшы, Тобыш, Мұнал.
Адайдың екінші баласы Қосайдан бесеу: Жаман Адай, Бәли, Қадыр, Тірней, Айдаралы.
Жеменейдің балалары: Кедей, Ақбота,
Олжас, Еспен, Бәйбіше.
Құнанорыс пен Балықшыдан бала жоқ
Тобыштан: Қараш, Бабу, Қамысбай, Бегей, Жанай, Баубек, Жайылхан.
Мұналдан: Жаулы, Шағи, Бәйімбет, Қырықмылтық,
Жаулының үш ұлы бар: Ескелді, Қосқұлақ, Жары.
Бейімбеттен төртеу: Райымберді, Сабытай, Сұлтан, Медет.
Райымбердіден үшеу: Бай, Шағыр, Жақау.
Сабытайдан: Боққара, Көрпе,
Көрпеден: Күйік, Албан, Маңғылбай.
Боққарадан: Байбоз, Жанбоз, Матай. Әзіргі Ирандағы қазақтардың ең байлары: Ерқасым, Нұрғожа, Ескендір, Ақмұрат, Балағұлдар.
ИРАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ КӘСІБІ
Ирандағы қазақтардың қолынан келмейтін кәсібі жоқ. Өте іскер әрі еңбекқор. Олардың арасында біразы бастауыш және орта мектептерде, арнайы лицейде парсы, ағылшын тілдерінің мұғаллімдері болып қызмет атқарса, сот мекемесі және әртүрлі басқару орындарында 50-ге жуық маман бар. Олар парсы тілін жақсы меңгерген.
Осы кезде жастарды қазақша оқытып жүрген Ислам (Жеменей), Қажымұхаммед, Ниязи қатарлы он шақты зиялы жастармен кезіктім.
Машинаның қандай түрін де айдай алатындықтарымен қоса, олардың қосалқы бөлшектерінің қалай жасалуын
Машинаның жөнделуін жергілікті халықтан артық меңгерген. Жүк машиналарының қорабын жасайды. Мемлекеттік қара жолдарды жасауды(тендер) өз мойындарына алып, асфальт төсейді. Қазір Гурганда 5 кісі бірігіп гараж салуда. Олардың 36 дүкені бар. Темір балқыту қолдарынан келеді. Ток, су және жылу (пар) тораптарын (труба) орнатады.
Үй құрылыстарын салуға да шебер-ақ. Неше қабат үйлерді жасауға келісім беріп, есік-терезе, әйнек, кафель сияқты үйдің керекті жабтықтарының бәрін де мұнтаздай етіп дайындайды. Олардың арасында ағаш шебері, наубайшы, су қоймашылығы, ат арбашы, пеш салушы, егінші сияқты әртүрлі кәсіп иелері жүзден саналады.
Әйелдер арасында кілем тоқу ерекше дамыған. Әрбір үйде кілем өрнегі бар.
Мұндағы ел өте меймандос, асқан берекешіл. Діни сауатты адам бұрын да жоқ еді, жастар да жетіспепті. Ал дүниеуи ғылымға жастар қатты жетілген.
Көне көздерден Нұрмұшат ақсақал елеулі ақын. Еңбектері жарық көрмегенмен, қолжазба күйінде сақталған. Ел арасында домбырамен ән салады. Батыс жырауларының салқыны бар көрінеді.
Жастардан Ислам Жеменей, парсы тілінде <Қазақ этнографиясы> кітап Жазса, Қажымұқан <Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін> парсы тіліне аударып шығарды. Ал жоғарыда еңгімелегендей Таған Көрпе <Қазақ шежіресі және көш тарихын> жазуды қолға алған.
Ал, бұл қазақтардың киім киісіне келсек, еркектер көбінесе басына бөрік, тақия киюдің орнына шүберек байлайды. Қыз-келіншектердің таққан моншақтары әдемі. Жалпылай дінге бейім. Ішінара қалпақ кигендері де кездеседі. Онысын қайда жүрсе де тастамайды.
Әйел-қыздардан бөрік, келіншектерден желек, кемпір-кешектен кимешек-шылауыш қалған. Шаштарын артқа тастап, бастарына шошайтып шыт байлайды.
Жас келіншектер, тізе бүгіп сәлем беруден басқаны ұмытқан. Алайда, қыздардың өз басында ерік жоқ. Ата-анасы кімге берсе соған барады. Қазақтан басқаға қыз бермейді. Екі әйел алғандары жоқ.
ХАЛИФА АЛТАЙ "АЛТАЙДАН АУҒАН ЕЛ "
АЛМАТЫ 2000
Суреттер, Ислам Жеменейдің "Иран қазақтары" кітабына алынды.